Шымкентте заңсыз пластикалық операция жасаған әйелге үкім шықты

Шымкентте заңсыз пластикалық операция жасаған әйелге үкім шықты
lasik.ru

Шымкентте пластикалық отадан кейін бір көзінің көру қабілетінен айырылған әйелдің ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ әйел өзін білікті маман ретінде таныстырып, жәбірленушіге блефаропластика жасауға келіскен. Төменгі қабақты түзету операциясы үшін ол 100 мың теңге алған. Бұған дейін дәл осы пациентке құлақ пішінін өзгерту бойынша да операция жасағаны белгілі болды.

Сот барысында жәбірленушінің алғашқы кездесуден-ақ маманның біліктілігіне күмәнданғаны анықталды. Дегенмен айыпталушы өзінің жоғары медициналық білімі мен қажетті құжаттарының бар екенін айтып сендірген.

2025 жылдың шілдесінде жасалған қайталама операция кезінде ауыр асқынулар туындаған. Ота барысында көз маңында қатты ісіну мен тоқтатуға келмейтін қан кету байқалған. Соған қарамастан пациент үйіне жіберіліп, жағдайының уақыт өте жақсаратыны айтылған.

Алайда арада он күн өткен соң әйел сол жақ көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан. Кейін оған 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленген.

Бақылаушы органдар жүргізген тексеріс барысында айыпталушының медициналық лицензиясы да, тиісті сертификаттары да жоқ екені анықталды.

Сот оны кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды және үш жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі бір жылға кейінге шегерілді.

Сонымен қатар сот моральдық зиян мен емделуге жұмсалған шығындарды өндіріп беру туралы шешім шығарды.