Шымкентте түнде үйінен шығып кеткен екі кішкентай баланы патрульдік полиция қызметкерлері көшеден тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, түнгі кезекшілік кезінде патрульдік полиция қызметкерлері көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген екі бүлдіршінді байқап қалған.
Тәртіп сақшылары балаларды патрульдік көлікке отырғызып, «102» арнасы арқылы олардың ата-анасы іздеп жатқанын анықтаған.
Көп ұзамай полицейлер ата-аналарымен байланысып, балаларды үйіне жеткізді.
Балаларының аман табылғанына қуанған ата-аналар полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Оқиғадан кейін полицейлер ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, балаларды қараусыз қалдырмаудың және олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді.
Полиция ата-аналарды балалардың қайда жүргенін үнемі бақылап, олардың қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.