Шымкентте аптап ыстықтың әсерінен сарышаяндар көбейіп, жыл басынан бері олардың шағуынан 80 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап ult.kz хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта улы жәндіктер тұрғын үйлердің аумағында жиі кездесіп жүр. Сарышаяндар аяқ киімнің ішіне, төсек астына, перде арасына және ылғалды жерлерге тығылуы мүмкін. Осыған байланысты дәрігерлер жеке сектор тұрғындары мен құрылысы жүріп жатқан жаңа шағынаудандарда тұратын азаматтарды барынша сақ болуға шақырды.
Дәрігерлердің мәліметінше, сарышаян шаққан адам қатты ауырсынуды сезінеді. Сонымен қатар аяқ-қолдың ұюы, бас айналу, ентігу және әлсіздік сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Шымкент қалалық гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың сөзінше, сарышаяндар кез келген жерде кездесуі мүмкін, алайда олардың шоғырлануы көбіне жеке тұрғын үйлер маңында байқалады.
«Шаяндар кез келген жерде кездесуі мүмкін. Бұл әсіресе жеке сектордағы тұрғын үйлерге қатысты, өйткені мұнда осы буынаяқтылардың шоғырлануы жиі тіркеледі. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатқан жаңа аудандарда да олар көп кездеседі. Мұндай жерлерде шаян шағу қаупі жоғары болады. Көшеде олар көбіне арықтар мен өзендердің маңындағы ылғалды аймақтарда кездеседі. Адамдар жерге отырып немесе жатып демалады. Кейде төсенішсіз болады. Сондықтан ең болмағанда жиналмалы төсек немесе осыған ұқсас қорғаныс құралдарын пайдаланған жөн», – деді маман.