Қазақстан мен Қырғызстанның құқық қорғау органдары бірлескен арнайы операция барысында есірткі жеткізудің трансұлттық арнасының жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс-шаралар «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында және халықаралық есірткі тасымалы арналарына қарсы күрес мақсатында жүргізілген.
Арнайы операция нәтижесінде Шымкент қаласында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Күдіктілерден шамамен 5 келі ауғандық апиын тәркіленген.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасы бастығының айтуынша, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта тергеу аясында олардың әрекеттеріне есірткі контрабандасы және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы болуы мүмкін деген белгілер бойынша қосымша құқықтық баға беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Ішкі істер министрлігі халықаралық әріптестік аясында Қазақстан аумағына есірткі жеткізу арналарының жолын кесу және ел арқылы өтетін есірткі транзитіне қарсы арнайы операцияларды жалғастыратынын мәлімдеді.