Шымкент қаласында Қаржылық мониторинг агенттігінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Bingo-37 және Lotoboom онлайн казиноларының заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды ult.kz.
Агенттіктің мәліметінше, тергеу барысында 2023-2025 жылдар аралығында бір топ адамның заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны анықталған. Олар 14-тен астам дроппердің атына рәсімделген банк шоттары арқылы ойыншылардан ақша қабылдап, ұтыстарды аударып отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, екі онлайн казиноның жалпы қаржы айналымы 3,1 миллиард теңгені құраған. Оның 2,6 миллиард теңгесі ойыншыларға ұтыс ретінде төленсе, 685,7 миллион теңгесі қылмыстық табыс ретінде қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Заңсыз табысқа ұйымдастырушылар бірнеше автокөлік, пәтер мен жер телімдерін сатып алған. Соттың санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.
Тәркіленуі мүмкін активтердің қатарында BYD Destroyer, Lixiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton, Changan X5 Plus маркалы автокөліктері, тұрғын үйі бар екі жер телімі және өзге де мүлік бар. Олардың жалпы құны шамамен 214 миллион теңгені құрайды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар соттың қарауына жолданды.