Ақтөбеде алаяқтар бір әйелді екі рет алдап, ақшасын иемденуге әрекет жасаған. Құқық қорғау органдарының дер кезінде араласуының арқасында интернет-алаяқтықтың жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Ақтөбе қаласының прокуратурасы мәліметінше, шілде айының басында азаматша Ж. Мамедоваға белгісіз адамдар қоңырау шалып, түрлі тәсілмен оның ақшасын иемденуге тырысқан. Алайда прокуратура қызметкерлері жағдайды дер кезінде анықтап, алаяқтардың жоспарын жүзеге асыруына жол бермеген.
Оқиға мұнымен аяқталмаған. 30 шілдеде әйелмен қайта профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде оның алаяқтардың WhatsApp арқылы қайта байланысқа шығуға тырысқаны анықталды.
Бұл жолы күдікті адамдар әйелдің сеніміне кіру үшін түрлі сыйлықтар ұсынатынын айтқан. Прокуратура қызметкерлері алаяқтық әрекетті дер кезінде анықтап, қаскөйлер пайдаланған телефон нөмірлерін бұғаттау бойынша шара қабылдады.
Прокуратура азаматтарды бейтаныс адамдардың сыйлық, жүлде немесе ақша ұсынғанына бірден сенбеуге шақырды.
Құқық қорғау органы жеке деректерді, банк картасының реквизиттерін және SMS арқылы келетін кодтарды бөгде адамдарға бермеу қажеттігін ескертті.