Шығыс Қазақстан облысында балық өңдеу кешені салынады

Шығыс Қазақстан облысында балық өңдеу кешені салынады
Gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында заманауи балық өсіру және балық өнімдерін өңдеу өндірісін қамтитын кешенді инвестициялық жоба іске асырыла бастады, деп хабарлайды ult.kz.

Жобаны «Zaisan See» серіктестігі қолға алады. Кәсіпорын көксерке, шортан, алабұға сынды басқа да балық түрлерін заманауи қарқынды технологиялар арқылы өсіруден бастап, оларды бастапқы өңдеу, салқындатылған және мұздатылған өнім өндіру, сақтау, қаптау және ішкі әрі сыртқы нарықтарға өткізуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтамасыз етеді.

Жобаға 6 млн еуроға дейін инвестиция салу жоспарланған. Оған Польша Республикасынан шетелдік инвестор тартылды.

Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 2 мың тонна дайын өнімге есептелген. Өндіріс орнында 100 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Кешеннің бірінші кезеңін 2027 жылғы тамызда пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаны іске асыру нәтижесінде отандық балық өнімдерін өндіру көлемі артып, терең өңделген өнім түрлері кеңейеді. Сонымен қатар өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық түсімдері ұлғаяды.

Жоба аясында ресурсты үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуге ерекше мән беріліп отыр. Бұл өндіріс тиімділігін арттыруға, су және басқа да өндірістік ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қазақстандық балық өнімдерінің экспорттық нарықтарға шығуына қосымша жағдай жасалады.

Алдағы уақытта кәсіпорынның балық өнімдерін өңдеу қуатын кезең-кезеңімен арттыру және салаға қажетті білікті мамандарды даярлау жүйесін дамыту жоспарланып отыр.

Кәсіпорын базасында жастардың тиісті мамандықтар бойынша тәжірибелік білім алуына мүмкіндік жасау және балық шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін қалыптастыру көзделеді.