Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру: жүйелі көзқарас пен қоғамдық трансформация

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру: жүйелі көзқарас пен қоғамдық трансформация

Фото: egemen.kz
Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін күрделі әлеуметтік құбылыс. Ол экономикалық өсімді тежеп қана қоймай, қоғамдық сенімді әлсіретеді және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына нұқсан келтіреді. Сондықтан жемқорлықпен күрес тек құқықтық немесе әкімшілік шаралармен шектелмеуі тиіс. Негізгі басымдық – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Ал ол үшін қандай қоғамдық әрекеттер керек дегенді бірнеше маманға қойып көрдік. 

Антикоррупциялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді жолдарының бірі – білім беру. Мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары оқу орындарына дейін адалдық, әділдік, жауапкершілік құндылықтарын жүйелі түрде енгізу қажет. Бұл тек теориялық біліммен шектелмей, практикалық мысалдармен, өмірлік жағдайлармен ұштастырылуы тиіс. Сонымен қатар, оқытушылардың өздері де осы құндылықтардың үлгісі болуы маңызды. Алатау қаласы химия пәнінің мұғалімі Бұлбұл Бақытханның айтуынша, қазіргі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  тек мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, әрбір педагогтың кәсіби және азаматтық міндеті. 

«Мұғалім ретінде мен бұл мәселені тек құқықтық немесе әкімшілік деңгейде емес, ең алдымен тәрбиелік және құндылықтық тұрғыдан қарастырамын. Себебі мектеп – тұлғаның дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдары қалыптасатын негізгі орта.
Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – оқушының адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті ішкі қағида ретінде қабылдауы. Бұл қасиеттер бір күнде немесе бір ғана тәрбие сағатында қалыптаспайды. Ол – жүйелі, мақсатты және үздіксіз педагогикалық жұмыстың нәтижесі. Сондықтан әр сабақ, әр қарым-қатынас, әр бағалау – осы құндылықтарды сіңірудің мүмкіндігі.
Мұғалімнің басты рөлі – тек білім беру емес, үлгі болу. Егер ұстаз әділ бағалап, оқушыларға тең қарайтын болса, олар әділдіктің нақты көрінісін көреді. Ал керісінше жағдайларда, яғни субъективті бағалау, артықшылық көрсету сияқты әрекеттер орын алса, бұл оқушылардың санасында «әділетсіздік – қалыпты жағдай» деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан педагогтың кәсіби этикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиенің негізі болып табылады,  – дейді Бұлбұл Бақытхан. 


Ұстаздың айтуныша, білім беру процесінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын сақтау ерекше маңызды. Бағалау критерийлерінің айқын болуы, кері байланыстың нақты және дәлелді берілуі оқушылардың сенімін арттырады. Бұл сенім өз кезегінде адал қарым-қатынастың негізін қалайды. Сонымен қатар, оқушыларды өз пікірін ашық айтуға, әділетсіздікке қарсы тұруға үйрету олардың азаматтық позициясын қалыптастырудың маңызды бөлігі.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ақпарат саласының рөлі айрықша. Ақпарат – тек хабар жеткізу құралы емес, ол қоғамдық пікірді қалыптастыратын, құндылықтарды айқындайтын күш. Бұл туралы журналист Берік Бейсенұлы баяндап берді. 

«Журналист ретінде мен бұл мәселені тек фактілерді жариялау немесе құқық бұзушылықтарды әшкерелеу шеңберінде ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырудың маңызды тетігі ретінде қарастырамын.
Бүгінгі медиа кеңістікте сыбайлас жемқорлық тақырыбы жиі көтеріледі. Алайда оның берілу формасы мен мазмұны шешуші мәнге ие. Егер ақпарат тек сенсация қуып, үстірт сипатта ұсынылса, ол қоғамда уақытша қызығушылық тудырғанымен, терең түсінік қалыптастыра алмайды. Ал сапалы журналистика мәселенің себеп-салдарын талдап, жүйелік кемшіліктерді ашып көрсетіп, аудиторияны ойлануға жетелейді. Мұндай тәсіл ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат құралдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда бірнеше маңызды функция атқарады. Біріншіден, олар қоғамды ақпараттандырады заңдар, реформалар, нақты істер туралы мәлімет береді. Екіншіден, бақылау қызметін жүзеге асырады, билік пен институттардың әрекеттерін қадағалайды. Үшіншіден, ағартушылық рөл атқарады, азаматтарға олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіреді», – дейді Берік Бейсенұлы. 


Сонымен қатар, маманның айтуынша, жаңа медиа мен әлеуметтік желілердің дамуы ақпарат тарату процесін түбегейлі өзгертті. Әрбір адам контент жасаушыға айналды. Бұл бір жағынан ашықтықты арттырса, екінші жағынан жалған ақпараттың таралу қаупін күшейтті. Сондықтан журналистер ғана емес, жалпы қоғам ақпараттық сауаттылықты меңгеруі қажет. Сыни ойлау, дереккөзді тексеру, манипуляцияны тану сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру институционалдық реформалармен қатар жүруі керек. Электрондық үкімет, цифрлық қызметтер, автоматтандырылған жүйелер адам факторын азайтып, жемқорлық мүмкіндіктерін шектейді. Сонымен қатар, заңнаманың тиімділігі мен жазаның бұлтартпастығы да маңызды. Алайда жазалау шаралары тек қосымша құрал ретінде қарастырылуы тиіс, негізгі акцент алдын алуға бағытталуы қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл тек жеке адамның емес, бүкіл қоғамның мәдени деңгейін көрсететін көрсеткіш. Оны қалыптастыру үшін білім беру, құқықтық саясат, қоғамдық коммуникация және институционалдық реформалар үйлесімді түрде жүзеге асырылуы қажет. Тек осындай кешенді тәсіл арқылы ғана жемқорлыққа төзбейтін, адалдықты жоғары қоятын қоғам құруға болады.