Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев Наурызбен неге жанжалдасқанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиевтің жедел-тергеу тобына бұрынғы қайын ағасы марқұм Наурыз Мұқанғалиевпен екеуінің арасындағы жанжал барысында қалай өлтіргенін баяндап, қылмыстың мән-жайын көрсеткен бейнежазбасы ұсынылды.
«Наурыз бойдақ. Оның үстіне психикасы қалыпты емес. Ашушаң. Сосын ғой үйленбей жүргені. Енді дұрыс адам болса жасы 30-дан асты, үйленуі керек қой», - деді күдікті.
Айта кетейік, Атыраудағы таргедияға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, болған жағдайдан кейін ол біраз уақыт аулада отырып, не істерін білмей қалған. Кейін үйге қайта кіргенде Наурыздың еденде жатқанын көргенін айтты.
Айыпталушы оның тірі қалуы мүмкін деп ойлағанын, сол себепті қорыққанын жеткізді. Оның айтуынша, сол сәтте полиция шақыру туралы да ойлаған, бірақ отбасын, бес баласын еске алып, екіұдай күйде қалған.
Сот барысында Сәрсемәлиев Мейрамгүлдің өліміне қатысты да жауап берді. Оның айтуынша, Мейрамгүл ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Жангелдин ауылынан әкелініп, Ақбаянға көмектесу үшін үйде болған.
Айыпталушы екеуінің арасында жанжал шыққанын айтты. Оның сөзінше, Мейрамгүл өзіне ауыр сөздер айтқаннан кейін ашуға бой алдырған.
«Ол кезде ешқандай өкініш болған жоқ. Үш адамды өлтіргеннен кейін бәрібір болып кетеді екен», – деді Сәрсемәлиев сотта.
Іс материалдарына сәйкес, Мейрамгүлді өлтіруге бұған дейін Маұсот Қарабалин мен Нәсіп Мұқанғалиеваның өліміне қолданылған пышақ пайдаланылған.
Айыпталушының сөзінше, қылмыстан кейін Мейрамгүлдің денесін Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіті жасырылған жерге апарып көмген.
Еске салайық, бұған дейін сотта Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның алғашқы жауабының бейнежазбасы көрсетілген еді. Онда әйел болған жағдайды түсінбейтінін айтқан.
