Шу қаласында қайғылы жағдай: кәріз құдығына түскен екі жұмысшы улы газдан көз жұмды

Шу қаласында қайғылы жағдай: кәріз құдығына түскен екі жұмысшы улы газдан көз жұмды
azh.kz

Жамбыл облысы Шу ауданында кәріз жүйесін жөндеу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға Шу қаласы ауруханасының ауласында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, сантехник жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында тереңдігі шамамен үш метр кәріз құдығына түсіп, улы газдан уланып қалған. Ол көмекке шақырған кезде жанынан өтіп бара жатқан зертхана қызметкері оны құтқару үшін құдыққа түскен. Алайда ол да газдан уланып, есінен танып қалған.

Оларды алып шығуға әрекет жасаған үшінші адам да қауіпті аймаққа түсіп, қиын жағдайға тап болған. Оқиға салдарынан екі жұмысшы қаза тауып, құдыққа үшінші болып түскен сантехник аман қалған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.

Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жамбыл облысы ПД ресми өкілінің мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы 4-бөлігі бойынша, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу нәтижесінде заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.