Түркияның Стамбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың қазасына байланысты бір топ әйел наразылыққа шықты. Олар бойжеткен құлаған көшеге жиналып, қайғылы оқиғаның жан-жақты тергелуін және кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, жиналған әйелдер Айсұлудың өлімін жай ғана өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы ретінде қарастыруға болмайтынын айтып, істің барлық мән-жайы анықталуы керектігін мәлімдеді. Олардың пікірінше, әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтары қорғалуы тиіс.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға өткен жексенбіде болған. Айсұлу өзі тұрып жатқан ғимараттың балконы арқылы көрші үйдің төбесіне өтпек болған. Кейін оның биікте отырған сәтіндегі фотосы әлеуметтік желілерде тарады. Бойжеткеннің көрші ғимараттың шатырына өтпек болған кезде құлап кеткені болжанып отыр.
Айсұлу оқиға орнында көз жұмған. Қайғылы жағдайдан кейін онымен бірге тұрған Ресей азаматы және оның сүйіктісі ұсталған. БАҚ мәліметінше, олардан жауап алынған соң, елден шықпау туралы қолхатпен босатылған.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркияда Қазақстан азаматының қайтыс болғанын растаған еді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға Стамбұлдың Шишли ауданында болған. Бойжеткен алтыншы қабаттың балконынан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған кезде құлап кеткен. Оның нақты қандай жағдайда көз жұмғанын тергеу анықтауы тиіс.