Солтүстік Қазақстан облысында жабайы жануарлардың жолға шығуына байланысты бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Полиция жүргізушілерді әсіресе түнгі уақытта сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Өңірде мұндай бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркеліп үлгерген. Челябі – Новосібір тасжолының 562-шақырымында Toyota Alphard көлігі бұланмен соқтығысқан. 57 жастағы жүргізуші зардап шеккен жоқ, алайда жануар өлген. Көлік механикалық зақымдалып, оны эвакуатормен алып кеткен.
«Күз мезгілінде жабайы жануарлар жолды жиі кесіп өтеді. Петропавл – Қостанай, Петропавл – Жезқазған және Челябі – Новосібір бағыттарындағы тасжолдарда жануарлармен соқтығысу қаупі жоғары. Тамыз айының соңында осындай бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Олардың барлығы қараңғы уақытта, орман алқаптарына жақын жерде болған. Аққайың ауданында Hyundai Tucson көлігі қабанды қағып, жануар өлген. Ал Есіл ауданында Hyundai Staria көлігінің алдынан кенеттен шыққан елік көлік астында қалған», – делінген хабарламада.
Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, қарсы бағыттағы көліктердің жүргізушілерін алыстан түсіретін жарықпен шағылыстырмауға және қауіпсіздік белдігін тағуға шақырды.
Құқық қорғау органдары әсіресе түнгі уақытта, орманға жақын учаскелерде және бұрылыстарда барынша сақ болуды ескертеді.