СҚО-да жұмысшы әріптесін құтқарамын деп қолынан айырылды

СҚО-да жұмысшы әріптесін құтқарамын деп қолынан айырылды
istockphoto.com

Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданындағы Дубровное ауылында орналасқан элеваторда ауыр жазатайым оқиға болды. Күнделікті қызмет барысында 43 жастағы жұмысшы ауыр жарақат алып, оған көмектесуге ұмтылған әріптесі де механизмге түсіп қалған, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға салдарынан екі жұмысшы да ауыр жарақат алды. Қазір олар аудандық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.

1983 жылы туған жұмысшының сол аяғының жіліншік сүйектерінің екеуі ашық сынып, оң аяғының кіші жіліншік сүйегі де ашық сынған. Оған ота жасалды.

Ал 41 жастағы әріптесінің жарақаты бұдан да ауыр. Оның білегіндегі екі сүйек үгітіліп кеткен. Дәрігерлер оң қолын ампутациялауға мәжбүр болған.

Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдары жұмыс орнында қандай жағдайлар болғанын және қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтауы тиіс.