ШҚО-да жүк тиегіш астында қалған жұмысшы қаза болды

ШҚО-да жүк тиегіш астында қалған жұмысшы қаза болды
ашық дереккөз

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінде тұрмыстық қалдықтарды санитарлық тазалау кезінде қайғылы оқиға болды. 56 жастағы жұмысшыны жүк тиегіш басып кетіп, ер адам оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы жүк тиегіштің артында тұрған. Көлік жүргізушісі оны байқамай, техниканы артқа жүргізген. Жүк тиегіштің астында қалған ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Аталған факті бойынша Глубокое аудандық полиция бөлімі еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу және абайсызда адам өліміне әкеліп соғу бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазір тергеушілер қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Атап айтқанда, жұмыс процесінің қалай ұйымдастырылғаны және тазалық жұмыстары кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны тексеріледі.

— Тергеу барысында істің мән-жайын толық, объективті және жан-жақты анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.