Freedom Inside '26

ШҚО-да заңсыз алтын өндіру схемасы әшкереленді: 60-тан астам адам ұсталды

ШҚО-да заңсыз алтын өндіру схемасы әшкереленді: 60-тан астам адам ұсталды
Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысында құрамында алтыны бар шикізатты заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан ірі қылмыстық схеманың жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдіктілер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің заңды қызметін бүркемелеп, жер қойнауын заңсыз пайдалану әрекетін ұйымдастырған.

Жедел іс-шаралар барысында құқыққа қайшы схеманы ұйымдастырғандар мен басшыларын қоса алғанда 63 адам ұсталды. Сондай-ақ заңсыз қызметке қатысы бар деген күдікпен 13 шетел азаматы анықталған.

Тінту кезінде бірнеше автокөлік пен арнайы техника, 40 мың АҚШ долларынан астам қаражат, құрамында алтыны бар шикізат пен дайын алтын, сондай-ақ қылмыстық әрекетті дәлелдейтін құжаттар тәркіленді.

Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз өндіріс қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Топырақ жамылғысы бұзылып, табиғи ландшафт өзгерген, экожүйеге айтарлықтай залал келген. Келтірілген шығын көлемі сараптама арқылы анықталуда.

Аталған дерек бойынша бағалы металдардың заңсыз айналымы және экологиялық құқық бұзушылықтар фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қылмыстық схеманың өзге қатысушыларын анықтау жұмыстары жалғасуда.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс тергеу аясында барлық мән-жай анықталып, кінәлілер заң алдында жауап беретінін мәлімдеді.