ШҚО-да тұрғын кір жуғыш машинаны қарасора өсіретін жылыжайға айналдырған

ШҚО-да тұрғын кір жуғыш машинаны қарасора өсіретін жылыжайға айналдырған
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында полицейлер есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Таврическое ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен есірткі плантациясы анықталған.

Polisia.kz мәліметінше, 41 жастағы ауыл тұрғыны интернет арқылы сора тұқымдарын сатып алып, оларды үй жағдайында өсірген. Ер адам өсімдіктерді баптау үшін ескі кір жуғыш машинаны шағын жылыжайға айналдырған.

Тінту кезінде ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 34 түп сора өсімдігін, есірткі тұтынуға арналған құрылғыны және гараждан ірі көлемдегі кептірілген марихуананы тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктердің барлығы каннабис екені анықталған. Жасыл күйіндегі өсімдіктердің жалпы салмағы 50,94 грамм болса, кептірілген марихуананың салмағы 16 келіні құраған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салып, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Тәжікстан–Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленгені хабарланған болатын.