Шығыс Қазақстан облысында түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды заңсыз жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға түнгі уақытта болған. Жас жігіт колония аумағына қоршау арқылы тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған сәтте ҚАЖ департаменті мен №17 мекеме қызметкерлерінің қолына түсті.
Polisia.kz жазуынша, жеке тінту кезінде оның жанынан мұқият оралған бірнеше түйіншек табылып, тексеру барысында олардың ішінде Samsung, Redmi, Huawei, Oppo және iPhone маркалы 15 ұялы телефон болғаны анықталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген құрылғылар түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналуы мүмкін.
ҚАЖ департаментінің мәліметінше, ұялы телефондар колонияларға заңсыз өткізілетін ең жиі тыйым салынған заттардың бірі. Мұндай құрылғылар сотталғандарға сыртқы ортамен бақылаусыз байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, режим талаптарының бұзылуына әкелуі ықтимал.
Қазіргі уақытта барлық телефон тәркіленіп, күдіктіні әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті материалдар жинақталып жатыр.
– Қызметкерлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында заңсыз жеткізу әрекеті дер кезінде тоқтатылды. Түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздік пен режимдік талаптарды қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда, – деді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.