Freedom Inside '26

ШҚО-да есірткі өткізумен айналысқан 49 жастағы тұрғын ұсталды

ШҚО-да есірткі өткізумен айналысқан 49 жастағы тұрғын ұсталды
Polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысты деген күдікке ілінген азамат қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Полицияның мәліметінше, күдікті Өскемен қаласының 49 жастағы тұрғыны болып шыққан. Оны ұстау "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты.

Тәртіп сақшыларына есірткі сату фактісі туралы ақпарат түскеннен кейін жедел уәкілдер күдіктімен байланыс орнатып, тыйым салынған затты сатып алу жөнінде келісім жасаған. Есірткіні беру кезінде ер адам қолға түсті.

Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында полицейлер полимер пакеттерге оралған, таратуға дайындалған бірнеше есірткі орамасын анықтады. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың марихуана екені белгілі болды. Оның жалпы салмағы 2,8 келіден асқан.

Сондай-ақ күдіктіден бір миллион теңгеден астам қолма-қол ақша тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.