Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш жазды. Алайда оның өтініші қабылданбады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақұпова мәлімдеді. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкім отставкаға кету туралы өтініш берген. Алайда өтінішті қарау барысында Нұрымбет Сақтағановтың аталған қылмыстық іске қатысы жоқ екені ескеріліп, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған.
«Өңір әкімінің қызметі барлық бағыт бойынша штаттық режимде жалғасып жатыр», – деді баспасөз хатшысы.
Еске салайық, бұған дейін ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сыбайлас жемқорлық және алаяқтық баптары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Тергеу мәліметінше, оған 20 миллион теңге көлемінде пара алу және қызметтік өкілеттігін пайдаланып көлікке қатысты заңсыз әрекеттер жасау бойынша айып тағылған. Сот шешімімен оның Toyota Camry көлігі тәркіленіп, мемлекеттік наградалары мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Жақсылық Омар бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.