Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм анасын еске алып, одан бойына сіңген ерекше әдеті туралы бөлісті. Өнер иесінің сөзінше, үй гүлдерін өсіру бүгінде оның жанын тыныштандыратын сүйікті істерінің біріне айналған, деп хабарлайды ult.kz.
Әнші бала күнінде ауылдағы үйлерінің терезелері үнемі жайқалған гүлдерге толып тұратынын еске алды. Анасы өсімдіктердің әрқайсысына ерекше күтім жасап, тіпті олармен сөйлесіп отыратын болған.
Қарақат Әбілдинаның айтуынша, анасы гүлді ерекше жақсы көрген. Қай жерде жүрсе де әдемі өсімдік көрсе, бірден қызығушылық танытатын. Тіпті ауруханада жатқан кезінің өзінде дәліздегі гүлдердің жанынан бейжай өте алмай, үйінде жоқ өсімдіктің бір бұтағын алып, көбейту үшін жинап жүретін болған.
Өнер иесі анасымен болған әзілге толы бір оқиғаны да еске алды. Бірде ол анасына қоғамдық орында камералар барын айтып, жұрт оны Қарақаттың анасы гүл алып жүр деп сөз етуі мүмкін екенін ескерткен. Алайда анасы бұған әзілмен жауап беріп, гүлдің тұқымын сұрап алмайтынын және сол үшін жауапқа тартса да қорықпайтынын айтқан.
Қазір әнші үйіндегі гүлдерге күтім жасаған сайын анасын еске алатынын жеткізді. Оның сөзінше, гүл өсіру өзі үшін қарапайым хобби ғана емес, жанын тыныштандыратын әрі анасымен рухани байланыстырып тұрған ерекше дүние.
Айта кетейік, Қарақат Әбілдина Мөлдір Мұқанды қолдаймын деп сынның астында қалды.
Қарақат Әбілдина кім?
Қарақат Әбілдина – қазақстандық әнші, дәстүрлі және эстрадалық әндердің орындаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1978 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
Өнер иесі Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында “Домбырамен халықтық ән айту” мамандығы бойынша білім алған. Кейін орындаушылық шеберлік бойынша аспирантурада Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтан тәлім алды.

Қарақат Әбілдина қазақтың дәстүрлі әндерін насихаттап, Нартай Бекежановтың музыкалық мұрасын орындап келеді. 2001 жылы “Шабыт” халықаралық байқауының дипломанты, 2005 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты атанды. 2013 жылы оған “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы берілді.
Әншінің жұбайы – белгілі продюсер әрі әнші Қыдырәлі Болманов.