Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қорытынды жалпы отырысы өтті. Жиында Палатаның 30 жылдық қызметі қорытындыланып, заң шығару саласындағы негізгі нәтижелер сараланды, деп хабарлайды ult.kz.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзіне көрсеткен сенімі мен тұрақты қолдауы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ол жаңа Конституцияны іске асыру және Әділетті Қазақстанды құру жолында барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Президент жүргізіп отырған реформалар төңірегіне бірігуге шақырды.

Фото: Сенат
Айтуынша, Сенаттың 30 жылдық қызметі барысында 890-нан астам жалпы отырыс өткізіліп, 3,5 мыңнан астам заң қабылданған. Оның ішінде 350-ден астамы немесе әрбір оныншы заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Бұл заңдар елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың құқықтық негізін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Палата төрағасы Сенат депутаттарына, Аппарат қызметкерлеріне, сарапшылар қауымдастығына және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне бірлескен еңбегі үшін ризашылығын жеткізді.
«Ұлттық парламентаризмнің отыз жылда жинақталған тәжірибесі жоғары өкілді органның жаңа форматтағы қызметін одан әрі дамытуға берік негіз болады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Қорытынды отырыста Сенаттың үш онжылдықтағы заң шығару қызметінің нәтижелері сараланып, алдағы кезеңдегі парламенттік қызметтің жаңа бағыттарына назар аударылды.