«Сізден басқаның бәрі кінәлі»: Бектенов Алматы облысының әкімін сынға алды

«Сізден басқаның бәрі кінәлі»: Бектенов Алматы облысының әкімін сынға алды
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Үкіметтің 28 шілдедегі отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының барысын қарау кезінде Алматы облысындағы жобалардың іске асу қарқынын сынға алды, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, өңірде бірқатар жобалар бойынша әлі күнге дейін келісімшарттар жасалмаған. Осыған байланысты Алматы облысы жөндеу жұмыстарына өтінім беру деңгейі төмен өңірлердің қатарына енген.

Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, облыста жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның төртеуі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылса, қалған жобаларды "АЖК" АҚ іске асырады.

Жылумен жабдықтау саласындағы екі жоба бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Ал сумен жабдықтау және су бұру бағытындағы екі жоба бойынша конкурс прокуратураның ұсынысымен қайта жарияланған. Себебі бұрынғы конкурс нәтижесінің күші жойылған. Қайта өткізілетін конкурс 25 тамызға дейін аяқталып, жұмыстарды жыл соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, Қаржы министрлігі аталған екі жобаны басымдығы төмен жобалар қатарына енгізген. Әкім Премьер-министрден оларды бұл тізімнен шығаруға қолдау көрсетуді сұрады.

Алайда Марат Сұлтанғазиевтің баяндамасына Олжас Бектеновтің көңілі толмады.

«Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі сияқты. Жұмысты тездетіңіздер», – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Марат Сұлтанғазиев 2022 жылғы 11 маусымынан бері Алматы облысының әкімі болып отыр.