Семей қаласында сіріңкемен ойнаған 6 жасар баланың абайсыз әрекетінен автокөлік өртеніп кетті. Енді келтірілген материалдық шығынды баланың ата-анасы өтеуге міндеттеледі, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 352-кварталдағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Өрттің шығу себебін анықтау барысында полиция қызметкерлері жақын маңдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.
Тексеру нәтижесінде өрт басталар алдында көліктің маңында үш кәмелетке толмаған баланың жүргені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жасар бала сіріңке жағып ойнап, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын күшейген кезде балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер арқылы да расталған.
Полицияның хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, келтірілген материалдық шығынды баланың ата-анасы автокөлік иесіне өтеуге міндетті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері 536 орман өрті тіркелгені хабарланған.