Солтүстік Қазақстан облысындағы әйгілі Меңгесер тұзды көлінде тағы да қайғылы оқиға тіркелді. Бұл жолы 63 жастағы әйел суға түскеннен кейін кенеттен өзін жайсыз сезініп, көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 26 шілде күні сағат 13:00 шамасында болған. Әйел көлге туыстарымен бірге демалуға келген. Су ішінде жағдайы күрт нашарлаған.
Жағаға шығарылған соң оған медициналық көмек көрсетілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері қолға алынды. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Бұл – Меңгесер көлінде соңғы уақытта болған алғашқы қайғылы жағдай емес. Осыдан бір ай бұрын дәл осы жерде 77 жастағы ер адам қайтыс болған. Куәгерлердің айтуынша, ол суға түскен кезде өзін нашар сезініп, қан қысымы көтерілген.
Мамлют ауданындағы Меңгесер тұзды көлі Солтүстік Қазақстан тұрғындары арасында ғана емес, көрші облыстар мен Ресейден келетін демалушылар арасында да танымал. Көлдің емдік балшығы тірек-қимыл аппараты, тері және басқа да бірқатар ауруларға пайдалы деп есептеледі.
Алайда мамандар емдік мақсатта қолданылатын көл суында ұзақ уақыт болуға болмайтынын ескертеді. Мамандардың айтуынша, суда 15–30 минуттан артық жату денсаулыққа қауіп тудыруы мүмкін.