Талдықорғанда синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының 33 жастағы тұрғыны мен Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны қолға түскен. Тергеу мәліметінше, олар мессенджерлердің бірі арқылы куратордан нұсқау алып, тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырып отырған.
Жеке тінту кезінде күдіктілерден ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар мен есірткіні өлшеп-орауға арналған құралдар тәркіленді. Сондай-ақ Талдықорғандағы уақытша тұрып жатқан мекенжайларында жүргізілген тінту барысында қосымша есірткі заттары мен заңсыз қызметті айғақтайтын құрал-жабдықтар табылды.
Тергеу нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 260 грамм мефедрон тәркіленген. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Полиция есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстар үшін Қазақстан заңнамасында қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін Таразда шетел азаматының аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен ұсталғаны хабарланған болатын.