Северцев мұздығындағы жұмбақ мәйіт: таудан табылған адамның денесі эвакуацияланды

Северцев мұздығындағы жұмбақ мәйіт: таудан табылған адамның денесі эвакуацияланды
Видеодан кадр: t.me/qr_tjm

Алматы облысының тауларында, Северцев мұздығы маңынан табылған белгісіз адамның мәйіті таудан эвакуацияланды. Құтқару жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Талғар ауданындағы Северцев мұздығы маңында, шамамен 3400 метр биіктікте туристер аты-жөні әзірге анықталмаған адамның денесін байқап, бұл туралы құтқарушыларға хабарлаған.

Оқиға орнына жеткен ТЖМ құтқарушылары мәйітті таудың жетуі қиын учаскесінен алып шықты. Құтқару жұмыстары барысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы пайдаланылды.

Эвакуациядан кейін мәйіт Алматы облысының жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазір қаза тапқан адамның жеке басы мен өлімінің мән-жайы анықталып жатыр.

Осыған байланысты ТЖМ тауға шығатын туристерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті. Мамандар жорық алдында маршрутты мұқият зерттеп, ауа райын ескеріп, өздерінің физикалық дайындығын объективті бағалауға шақырады.

Сондай-ақ туристер жоспарланған маршрут пен қайту уақытын жақындарына алдын ала хабарлап, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды алып жүруі керек. Төтенше жағдай болған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажет.