Қазақстанда шетел азаматтарының суррогат ана қызметін пайдалануына шектеу енгізілуі мүмкін. Тиісті норманы Сенат мақұлдады, деп хабарлайды ult.kz.
Өзгерістер «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске енгізілмек. Жаңа талапқа сәйкес, суррогат ана қызметіне тек Қазақстан азаматтары және ресми некеде тұрған ерлі-зайыптылар ғана жүгіне алады.
Аталған түзету «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында қарастырылған.
Қолданыстағы заңнамада суррогат ана мен бала сүйгісі келетін ерлі-зайыптылар арасында шарт жасалатыны көрсетілгенімен, тапсырыс берушінің Қазақстан азаматы болуы міндеттелмеген.
Жаңа норма қабылданған жағдайда суррогат анамен келісімшарт жасау және оның қызметіне жүгіну құқығы тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде суррогат анаға қатысты даулы істердің бірі сотқа жетіп, қазақстандық ерлі-зайыптылар өздері жұмсаған қаражатты өндіріп алған болатын.