Шенеуніктер, блогерлер және танымал тұлғалар: Құрылтайдың 145 мандаты үшін кімдер бақ сынауда?

Шенеуніктер, блогерлер және танымал тұлғалар: Құрылтайдың 145 мандаты үшін кімдер бақ сынауда?
ашық дереккөз

Бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат таласуда. Осылайша, бір мандатқа орта есеппен 3,8 кандидаттан келеді, деп хабарлайды ult.kz.

Кандидаттар қатарында мемлекеттік қызметкерлер, бұрынғы Парламент депутаттары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, журналистер, спортшылар, дәрігерлер мен мұғалімдер бар. Сонымен бірге елге танымал медиа тұлғалар да Құрылтайға депутат болуға ниетті.

Мәселен, «Әділет» партиясының тізіміне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин, «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Мәжілістің бұрынғы депутаттары Асхат Аймағамбетов, Айдос Сарым, Марат Башимов және басқа да танымал тұлғалар енген. Партия жалпы 186 кандидатты ұсынған.

Қазақстанның халық партиясы 72 кандидатты ұсынды. Олардың арасында әнші Тамара Асар мен актриса әрі тележүргізуші Аша Матай бар.

Ал Respublica партиясының тізімінде медиапродюсер Азамат Марклен мен кәсіпкер, медиатұлға Бейбіт Әлібеков бар.

Жалпы 545 кандидаттың 172-сі – әйел, 74-і – 35 жасқа дейінгі азамат, ал 19 кандидаттың мүгедектігі бар. Кандидаттардың орташа жасы – 45,4 жас.

Құрылтай сайлауын өткізуге 34,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатты 145 депутаттық мандатқа шартты түрде бөлсек, бір орынға шамамен 236,6 млн теңгеден келеді. Алайда бұл – сайлауды ұйымдастыру шығынын есептеудің арифметикалық көрсеткіші ғана, депутаттық мандаттың нақты «құны» емес.