Семейде бұрынғы әйелін таяқпен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Семейде бұрынғы әйелін таяқпен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
ашық дереккөз

Семей қаласында бұрынғы әйелін аса қатыгездікпен өлтірген 51 жастағы ер адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот оны марқұмның ағасына 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл сәуір айында әйел балаларымен тұрып жатқан үйдің ауласында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, мас күйде болған ер адам қызғаныштан бұрынғы жұбайына шабуыл жасап, оны таяқпен 27 рет ұрған. Әйел оқиға орнында көз жұмған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, сотталушы әйеліне некеде тұрған кезде де ұзақ уақыт бойы қысым көрсетіп келген. Ажырасқаннан кейін де қызғанышын тоқтатпай, жанжал шығарып жүрген.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін мәлімдеген.

Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі бала қалды.

Жәбірленуші тарап сот үкімімен келісетінін айтып, енді балаларға қатысты қамқоршылық рәсімдерін жүргізу үшін құжаттарды дайындайтындарын жеткізді.