«Семей орманындағы» өртті сөндіруге 350-ден астам адам жұмылдырылды

«Семей орманындағы» өртті сөндіруге 350-ден астам адам жұмылдырылды
ашық дереккөз

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 16 шілде сағат 14:50-дегі жағдай бойынша тілсіз жаумен күреске резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техникасы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы, Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 техникасы жұмылдырылған.

Сондай-ақ өртті ауыздықтауға «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшағы тартылған.

Әуе техникасы арқылы осы уақытқа дейін 82 мәрте су төгілді. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» тікұшақтары – 58, Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы – 19, ал ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы 5 рет су шашқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің аумағы шамамен 60 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген, кейбір учаскелерде төменгі өрт жоғарғы өртке ұласқан.

Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Үкіметтің мәліметінше, жағдай Премьер-министрдің жеке бақылауында, ал жауапты мемлекеттік органдардың басшылары оқиға барысы туралы сағат сайын жедел ақпарат беріп отыр.