2023 жылы Абай облысындағы Семей орманында болған алапат өртке арналған «38» толықметражды көркем фильмі 3 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Фильм 15 адамның өмірін қиып, 63 мың гектар орманды күлге айналдырған, жеті күнге созылған қайғылы оқиғаға негізделген. Туынды табиғат апаты мен адам тағдырын арқау етіп, Қазақстан тарихындағы ең ірі орман өртін және тілсіз жаумен күрескен бейбіт күннің батырларын баяндайды.
Түсірілім жұмыстары Абай облысының көрікті жерлерінде жүргізілді. Қоюшы режиссер Төребек Бейсебаевтың айтуынша, өрт сөндіру техникасымен жұмыс істеу фильм өндірісіндегі ең күрделі техникалық кезеңдердің бірі болған.
Фильмнің сценарийін Нұржігіт Хайдаров пен Мақсат Жұмаханов жазған. Қоюшы операторы – Асылхан Медәлбеков, қоюшы суретшісі – Олжас Әлменов, продюсері – Нұржігіт Хайдаров.
Басты рөлдерді Алмат Сақатов, Асан Мәжит және Алтынай Нөгербек сомдаған.
«38» – Семей орманындағы 2023 жылғы қайғылы оқиғаға арналған және Қазақстандағы ең ірі орман өрті туралы түсірілген алғашқы ауқымды драмалық фильмдердің бірі болмақ.