Freedom Inside '26

Шекара астынан қазылған тоннель: бензин контрабандасын ұйымдастырған топ сотталды

Шекара астынан қазылған тоннель: бензин контрабандасын ұйымдастырған топ сотталды
swissinfo.ch

Жыл басынан бері Қазақстаннан жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлауынша, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы деректері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленді. Тергеу мәліметіне сәйкес, өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, кейін шетелге шығарылып отырған.

Ал Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстанға бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Сот шешімімен аталған іске қатысы бар тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Тергеу барысында заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асып, оның жалпы құны 37 миллиард теңгеден жоғары болғаны анықталған.

ҚМА мәліметінше, кезекті заңсыз тасымалдау әрекеті кезінде «Түрксіб» станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 миллион теңге болатын тәркіленген жанармай мемлекет кірісіне өткізілді.