15 маусым күні SCAT Airlines әуе компаниясы Шымкент – Новосібір жаңа халықаралық бағыты бойынша алғашқы рейсін орындады. Бұл бағыт компанияның халықаралық маршруттық желісін дамытудағы кезекті қадам болып, жолаушыларға Қазақстанның оңтүстігінен Сібірдің ең ірі қаласына тікелей қатынауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды ult.kz.
Енді Шымкенттен Новосібірге ешқандай аялдамасыз, жылдам әрі жайлы жетуге болады. Ұшу кестесі бірнеше күндік сапарларға, іскерлік кездесулерге, оқуға, демалысқа немесе жақындарға қонаққа баруға ыңғайлы етіп жасалған.
Ұшу кестесі:
• Шымкент – Новосібір — дүйсенбі және бейсенбі күндері
• Новосібір – Шымкент — сейсенбі және жұма күндері
Рейстер SCAT Airlines әуе компаниясының заманауи ұшақтарымен орындалады. Ұшу кестесі жолаушыларға қысқа мерзімді де, ұзақ сапарларды да ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыт – Шымкент арқылы жаңа мүмкіндіктер
Шымкент SCAT Airlines компаниясының негізгі хабтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып келеді. Жаңа рейс екі ірі қаланы тікелей байланыстырып қана қоймай, Қазақстанның оңтүстік мегаполисі арқылы транзиттік сапарлар мүмкіндігін де кеңейтеді.
Новосібір тұрғындары Шымкент арқылы ыңғайлы түйісу рейстерін пайдаланып, SCAT Airlines маршруттық желісіндегі өзге бағыттарға сапар шеге алады. Шымкенттен Шарм-эль-Шейх, Ыстанбұл, Тбилиси, Будапешт, Мюнхен, Камрань және Сиань қалаларына рейстер қолжетімді.
Ал Шымкент тұрғындары үшін жаңа рейс Сібірдің ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі – Новосібірге артық аялдамаларсыз және ұзақ күтусіз жетуге жол ашады.

Новосібір – ғылымның, театрлардың және үлкен мүмкіндіктердің қаласы
Новосібір – Сібірдің ірі іскерлік, білім беру және мәдени орталығы. Мұнда заманауи мегаполис қарқыны ғылыми орталықтардың, театр өнерінің және кең қоғамдық кеңістіктердің ерекше атмосферасымен үйлеседі.
Қалада танымал университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары орналасқан. Оның басты мәдени нысандарының бірі – өңірдегі ең ірі театрлардың санатына кіретін Новосібір мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Қала қонақтары Обь өзенінің жағалауын, саябақтарды, заманауи қоғамдық кеңістіктерді және Сібірмен танысуды бастайтын туристік бағыттарды жиі таңдайды.
SCAT Airlines-тың жаңа рейсі Новосібірді туристерге, студенттерге, кәсіпкерлерге және бұған дейін тек транзит арқылы қатынай алған барлық жолаушыларға бұрынғыдан да жақындата түседі.
Билеттерді scat.kz ресми сайтынан, SCAT Airlines мобильді қосымшасынан, сондай-ақ барлық авиакассалар мен брондау сервистері арқылы сатып алуға болады.