Сазды заңсыз қазған: СҚО-да кәсіпкер жауапқа тартылып, мемлекетке 18 млн теңге қайтарылды

Сазды заңсыз қазған: СҚО-да кәсіпкер жауапқа тартылып, мемлекетке 18 млн теңге қайтарылды
astanatv.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпкер Петропавл маңынан арнайы техникамен 50 тонна саз өндірген. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды ult.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы жер қойнауын өз бетінше пайдалану және жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерді орындамау фактілерін анықтады.

Мәселен, биыл 7 тамызда Петропавл қаласының маңында кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс талаптарын бұза отырып, арнайы техника көмегімен кең таралған пайдалы қазбалардың бірі  – сазды заңсыз өндірген. Өндірілген топырақ көлемі 50 тонна болған.

Аталған дерек Петропавл қалалық полиция басқармасының АЕК-інде тіркеліп, тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық Экология департаментіне жолданды.

Экология департаментінің 18 тамыздағы қаулысымен кәсіпкерлік субъектісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары 11 жер қойнауын пайдаланушының заң талаптарын бұза отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жалпы сомасы 10,5 млн теңге қаражат аудармағанын анықтады.

Тағы бір жағдайда жерасты суларын пайдаланатын 26 субъект салық заңнамасын бұзып, жалпы сомасы 29 млн теңге болатын қол қою бонустарын төлемеген.

Прокурорлық қадағалау актілері негізінде мемлекет пайдасына 18 млн теңге өндірілді. Қалған қаражатты өндіріп алу бойынша жұмыс жалғасып жатыр.