Танымал актер Алмат Сақатов шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандықтарға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің сөзінше, шетелге табыс табу мақсатында кеткен азаматтардың басқа елдегі өмірді асыра мақтап, Қазақстанда жүргендерді көшуге үгіттеуі дұрыс емес.
Актер өзіне Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың жиі жазатынын айтты. Олар елдегі жағдайды мақтап, азық-түліктің арзандығын, көшелердің жайлылығын айтып, оны да Кореяға баруға шақыратын көрінеді.
"Шетелде жұмыс істеп жүрген жігіттер, сіздер еріккеннен кеткен жоқсыздар ғой. Өмір сүру, ақша табу үшін жанталасып бардыңыздар. Енді сол жаққа барған соң, Отанында тыныш жүрген азаматтарға "мұнда күшті, келіңдер" деп көп айта бермеңдер", – деді Алмат Сақатов.
Ол мұндай әрекетті тікелей сатқындық деп атамайтынын да нақтылады. Дегенмен актердің пікірінше, шетелдегі өмірді тым әсірелеп көрсету елде жүрген және Отанын жақсы көретін азаматтардың көңіліне кері әсер етуі мүмкін.
Сақатов адамдардың шетелге көбіне жақсы өмір мен жоғары табыс іздеп баратынын түсінетінін жеткізді. Оның айтуынша, әр адам қайда жұмыс істейтінін өзі шешеді, алайда елден кетуге мәжбүр болған себептерді де естен шығармаған жөн.
"Жұмыс істегісі келе ме – барады. Қысылып, қиналғаннан кейін барып жатыр ғой. Әйтпесе бұл жақта бәрі жақсы болып тұрса, ешкім кетпейді. Ол жағын да ойлану керек", – деді актер.
Алмат Сақатов кім?
Алмат Сақатов – қазақстандық театр және кино актері, сатирик әрі әзіл-сықақ жанрында танылған өнер иесі. Ол Шығыс Қазақстандағы бұрынғы Марқакөл ауданының тумасы.
Алмат Сақатов өнерге жақын отбасында өскен. Оның әкесі – режиссер, сатирик Марат Сақатов. Марат Сақатов "Тамаша" театр-комедиясының негізін қалаушылардың бірі болған. Анасы Айтжамал да театр сахнасында өнер көрсеткен.
Алмат Сақатов бала кезінен сахнаға шығып, түрлі қойылымдарға қатысқан. Кейін әкесінің жолын жалғастырып, кәсіби өнер саласына бет бұрды. Көпшілік оны әсіресе "Бауыржан шоу" әзіл-сықақ театры арқылы жақсы таныды. Бұл ұжымда ол түрлі образдарды сомдап, әзіл жанрындағы актер ретінде танымал болды.
Сақатов телевизия саласында да еңбек еткен. Ол бір кезеңде "Qazaqstan" Ұлттық телеарнасындағы "Таңшолпан" бағдарламасын жүргізді. Актердің өзі тікелей эфирде бағдарлама жүргізуді шығармашылық жолындағы ең қиын жұмыстардың бірі деп атаған.
Кейін Алмат Сақатов кино мен телехикаяларға белсенді түсе бастады. Оның шығармашылығында комедиялық рөлдермен қатар драмалық кейіпкерлер де бар. Актер "Көзайым" телехикаясында да рөл сомдаған. Кейінгі жылдары "Рауза", "Пацанские истории", "ТойХана", "Афган", "Рестарт" секілді бірқатар кино және тележобаларға қатысты.
Сақатов актерлікпен қатар жас өнерпаздарды дайындаумен де айналысқан. Алматыда өзінің "Әзіл студиясын" ашып, ондағы актерлерді бірнеше жыл бойы дайындағанын айтқан. Сондай-ақ ол ұзақ жылдар бойы асабалық қызмет атқарып, той жүргізген.
Алмат Сақатов отбасылы, жұбайымен бірнеше онжылдық бойы бірге тұрып келеді. Бүгінде ол балалары мен немерелері бар екенін сұхбаттарында айтып жүр. Өнер иесі шығармашылықтан бөлек, қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікірін ашық білдіруімен де көпшілікке таныс.