Әнші Әбдіжаппар Әлқожа қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаевтың тегін өзгерту жөнінде ұсыныс тастады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында шетелдік комментаторлардың футболшының тегін «Сәтпаев» деп айтып жүргеніне назар аударған.
Оның айтуынша, Дастанның құжаттағы тегін өзгертудің қажеті жоқ, алайда ойын жейдесіндегі жазуды ұлттық үлгіге жақындатуға болады.
«Дастан Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы голын соқты. Бірақ шетелдік комментаторлардың бәрі оның тегін "Сәтпаев" деп айтып жатыр. Жанкүйер ретінде "Сәтбай" деп жазылса жақсы болар еді. Құжаттағы тегі өзгермесе де, футболкасының артында "Сәтбай" деп жазылса, ерекше көрінер еді. "Сәтпаев" атауы бәрібір орысша естіледі», – деп жазды әнші.
Әлқожа бұл ұсынысын көпшілік талқысына ұсынып, футболшының тегін ұлттық нақышқа жақындату мәселесіне қатысты пікір білдіруге шақырды.