Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры пайдалануға берілді

Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры пайдалануға берілді
Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында «Тама-Тастанбек» топтық су құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолдауымен екі жыл ішінде жүзеге асырылды. Салтанатты шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысты.

Жаңа су құбырының іске қосылуы нәтижесінде Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, қала Шардара су қоймасына тәуелділіктен құтылды.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 39,3 шақырым болатын екі магистральдық су құбыры, төрт таза су резервуары, су тазарту қондырғысы, бірінші және екінші көтергіш сорғы стансалары салынды. Сонымен қатар тереңдігі 110 метр болатын 14 ұңғыма бұрғыланып, 133 құдық камерасы орнатылды.

Қанат Бозымбаев елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Бұған дейін Шардара қаласының ауыз сумен қамтылуы су қоймасындағы жағдайға тікелей тәуелді болды. Енді тұрғындар тәулік бойы «Тама-Тастанбек» жерасты кен орнынан алынатын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба өңірдегі 31 мыңнан астам адамның өмір сүру сапасын жақсартып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді», – деді вице-премьер.

Сапар барысында Қанат Бозымбаев Жетісай ауданындағы «Тәуелсіздікке 20 жыл» каналының №1, №2 және №3 сорғы стансаларын жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл нысандар «Достық» магистральдық каналы арқылы су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан суды механикалық жолмен жеткізуге арналған.

Жоба аясында каналдың 10,1 шақырымы бетонмен қапталып, оның су өткізу қабілеті толық қалпына келтіріледі. Соның нәтижесінде шамамен 60 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Вице-премьер өңірдегі вегетациялық кезеңнің барысымен де танысты. Биыл Түркістан облысында су көп қажет ететін дақылдарды егу көлемі белгіленген лимиттен аспағаны айтылды. Соның арқасында вегетациялық кезең тұрақты өтіп, «Қазсушар» кәсіпорнымен келісімшарт жасаған шаруалар суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етіліп отыр.

Үкіметтің мәліметінше, алдағы уақытта да су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс алқаптарын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.