Соңғы жылдары Қазақстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және институционалдық өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың бағалауынша, жүргізіліп жатқан реформалар мемлекеттік институттардың құрылымынан бұрын, экономиканың, әлеуметтік саланың, инфрақұрылымның және елдің халықаралық ұстанымының негізгі көрсеткіштерінен көрініс табуда.
Бұл кезең пандемия салдары, әлемдік экономиканың тұрақсыздығы және геосаяси шиеленістің күшеюі сияқты маңызды сыртқы сын-қатерлермен тұс келді. Сыртқы факторларға қарамастан, Қазақстан құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруды және жинақталып қалған экономикалық әрі әлеуметтік теңгерімсіздіктерді жою жұмыстарын жалғастырды. Сарапшы негізгі бағыттардың қатарында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды, саяси реформаларды, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық инфрақұрылымды жаңартуды бөліп көрсетеді.
Соңғы жеті жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖӨӨ 29% өсіп, экономиканың жалпы көлемі $306 млрд деңгейіне жетті. Алтын-валюта активтері мен Ұлттық қордың жиынтық активтері $138 млрд өсті. Шағын және орта бизнестің ел ЖӨӨ-дегі үлесі 40% асты, ал осы кезеңдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері екі есеге жуық көбейді.
Әлеуметтік сала да қарқынды дамуды көрсетіп отыр. Елде жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. 2019 жылдан бері миллионға жуық оқушыға арналған 1342 мектеп ашылды, 1200-ден астам медициналық нысан және 35 мың шақырымнан астам автожол салынды әрі жөнделді. Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті.
Қазақстан БҰҰ рейтингінде 193 мемлекеттің ішінде 60-орынды иеленіп, адам дамуының деңгейі өте жоғары елдер тобына кіреді. Жасанды интеллект саласында ел Government AI Readiness Index 2025 индексінде 60-позицияға орнықты. Бұдан бөлек, SCImago Research Group деректері бойынша республика ғылыми белсенділік көрсеткіштері бойынша Орталық Азияда бірінші орынды және әлемде 64-орынды иеленіп отыр.
Өңірдегі экономика көлемі
ХВҚ болжамына сәйкес, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның номиналды ЖӨӨ $360,4 млрд құрауы мүмкін, бұл өңірдегі көршілес елдердің көрсеткіштерінен едәуір жоғары: Өзбекстан ($181,5 млрд), Түрікменстан ($83,1 млрд), Қырғызстан ($23,6 млрд) және Тәжікстан ($20,4 млрд). Атып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖӨӨ көрсеткіші бойынша да Қазақстан 2025 жылы $923,4 млрд халықаралық доллар көрсеткішімен Орталық Азияда көш бастап тұр.
Орталық Азияның бес елінің жиынтық номиналды ЖӨӨ-нің шамамен 53,7% үлесі Қазақстанға тиесілі. Шикізат секторынан бөлек, өңдеу өнеркәсібі, көлік, құрылыс, қаржы саласы, IT және ауыл шаруашылығы тұрақты дамуды көрсетіп келеді.
Қазақстан $140 млрд деңгейіндегі банктік активтер көлемімен өңірлік қаржы секторындағы көшбасшылығын сақтап отыр. Банктердің несие портфелі $86 млрд, депозитік портфелі $34,7 млрд құрайды.
2025 жылы елдің сыртқы сауда айналымы $143,9 млрд жетіп, өңірдегі басқа мемлекеттердің көрсеткіштерінен едәуір озып кетті. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда-саттық көлемі қарастырылып отырған кезеңде 67% өсіп, $5,3 млрд деңгейінен $8,8 млрд дейін артты.
Капитал тарту саласында Орталық Азиядағы жинақталған тікелей шетелдік инвестициялардың 68,6% үлесі Қазақстанға тиесілі (2024 жылғы $220,5 млрд ішінен $151,3 млрд). Ұлттық банк деректері бойынша 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш Қазақстанда $156,4 млрд дейін өсті. Мемлекеттік бюджет кірістері 2019–2025 жылдары $33,3 млрд деңгейінен $57,3 млрд дейін ұлғайды, ал салық түсімдері $24,1 млрд деңгейінен $44,5 млрд дейін артты.
Өңдеу секторы, соның ішінде автомобиль жасау саласы сенімді өсім көрсетуде: 2025 жылы елде 170 мыңға жуық автокөлік шығарылды. Эдуард Полетаевтың бағалауынша, мемлекеттің одан әрі дамуы экономиканы әртүрлілендіру, адам капиталын дамыту және жаңа технологияларды енгізу қарқынына тікелей байланысты болады.