«Самұрық-Қазынада» «ҚазМұнайГаздың» қызметінің негізгі бағыттары талқыланды

«Самұрық-Қазынада» «ҚазМұнайГаздың» қызметінің негізгі бағыттары талқыланды
Самұрық-Қазына

«Самұрық-Қазына» қорында Болат Жәмішевтің төрағалығымен «ҚазМұнайГаз» АҚ қызметінің негізгі бағыттарына арналған қордың Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті.

ҚМГ басшысы Асхат Хасенов өз баяндамасында атап өткендей, 2025 жылы компанияның үлесіне тиесілі мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 10%-ға өсіп, 26,2 млн тоннаны құрады. Қазақстандағы мұнай өңдеу көлемі 3,2%-ға артып, 14,7 млн тоннаға жетті.

Сонымен қатар, 2025 жылы ҚМГ ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді – өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға артты.

Компания ресурстық базасын кеңейтуді жалғастыруда. Геологиялық барлау бағдарламасы аясында дайындықтың әртүрлі кезеңіндегі 23 жоба іске асырылып жатыр. Негізгі назарда терең жатқан қорлар, аз зерттелген стратиграфиялық кешендер және перспективалы аумақтар болды.

Мұнай-газ химиясын дамыту да басым бағыттардың бірі. Негізгі жобалардың қатарында магистральдық құбырлар, газ бөлу кешені және полиэтилен өндіру жобасы бар.

Сондай-ақ, ҚМГ декарбонизация саласында жобаларды жүзеге асырып жатыр. Олардың қатарында Жаңаөзендегі гибридті электр станциясы, Жамбыл облысындағы «Мирный» жобасы және тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жобасы бар.

Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Компания қызметінің барлық бизнес бағыттары бойынша цифрлық дамуды қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта компанияның портфелінде жасанды интеллект негізіндегі 50 жоба бар.

KASE деректеріне сәйкес, ҚМГ 44,5 млрд долларды құрайтын Қазақстандағы капиталдандыру деңгейі ең жоғары компания болып қала береді. 2026 жылдың 4 тамызындағы жағдай бойынша ҚМГ-ның бір акциясының құны 34 650 теңге. Ал IPO өткен кезде оның бағасы 8 406 теңге болған.