Қазақстанда электрсамокаттарға қатысты жаңа жол қозғалысы талаптары күшіне енді. 25 тамыздан бастап самокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге тыйым салынды. Ал жолдың жүріс бөлігінде электрсамокатты тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын таққан азаматтар ғана жүргізе алады, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратура жаңа талаптарды түсіндіріп, ережені бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Енді электрсамокатпен жүру үшін велосипед жолын немесе велосипед жолағын пайдалану қажет. Олар болмаған жағдайда жол қозғалысы қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуға рұқсат етіледі.
Жүріс бөлігінде самокат жүргізетін адам 18 жастан асқан болуы, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі мен қорғаныш дулығасы болуы керек.
Сонымен қатар жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед жүргізушілері көліктен түсіп, оны жетектеп өтуге тиіс.
Жаңа талап бойынша жолаушы тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Бас прокуратура бұл өзгерістердің жол қауіпсіздігін күшейту қажеттігінен туындағанын атап өтті. Себебі электрлі көлік құралдарының танымалдығы артқан сайын олар қатысатын жол апаттары да көбейіп отыр.
Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол апаты тіркелген. Оның салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған. Сонымен қатар велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың қатысуымен 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол апаты болған.
Осы жол-көлік оқиғаларында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Самокат жүргізушілерінің өздері де жолдағы қауіптен тыс қалмайды. Бас прокуратураның мәліметінше, электрсамокат жүргізушілерін автокөлік қағып кетуі салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы 300-ге жуық адам жарақат алған.
Қадағалау органы әсіресе адам көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен жүру қауіпті екенін ескертті.
Автокөлік жүргізушілері де сақтық шараларын күшейтуі керек. Қиылыстарға, аулаларға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және самокат пен велосипед пайдаланушылары жолға кенеттен шығуы мүмкін учаскелерге жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, жолдағы жағдайдың өзгеруіне дайын болған жөн.