«Сағыныш сазы» әнінің авторы кім? Сазгер мен Талғат Жорабаевтың арасында дау шықты

«Сағыныш сазы» әнінің авторы кім? Сазгер мен Талғат Жорабаевтың арасында дау шықты
stan.kz

«Сағыныш сазы сен едің, ғашықтың бірі мен едім...» деп басталатын, көпшілікке танымал әннің авторына қатысты дау шықты. Сазгер Біржан Асқаров туындыны 15 жасында өзі жазғанын айтса, әнді көп жыл орындап жүрген Талғат Жорабаев оның сөзіне күмән келтірді, деп хабарлайды ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Сағыныш сазы» әні 1990 жылдардан бері халық арасында айтылып келеді. Кейін оны Талғат Жорабаев үлкен сахнада орындап, көпшілікке танытқан.

Ал арада жылдар өткен соң Біржан Асқаров әннің авторы өзі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, туынды осыдан шамамен 36 жыл бұрын, Түркістан облысы Отырар ауданындағы училищеде бірінші курста оқып жүрген кезінде дүниеге келген.

«Бұл ән Гүлжазира деген қызға арналған ән еді. Өзіммен курстас, бухгалтерлік бөлімде оқыған қыз. Ал Хабиби дейтін жігіт те бір қызға ғашық болды, әннің екінші куплетін сол жазған. "Сағыныш сазы" болып, халықтың аузында солай аталып кетті. Содан құлақтан-құлаққа, ауыздан-ауызға тарап, бұл ән осылай кетті. Бала кездегі ғашығым. 15 жасымда жазылған ән», – деді сазгер.

Біржан Асқаров әнді ешбір орындаушыға ұсынбағанын, өзі ауылда айтып жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, кейін туынды халық арасында тарап, «көше әніне» айналған.

Сазгер Талғат Жорабаевпен 2010 жылдары байланыс орнатуға тырысқанын да айтты. Алайда әнші кездесуге келіспеген.

«Біржан Асқаровпын, сенің орындаған "Сағыныш сазы" әніңнің авторы болам, жолығып, кездесіп, сөйлессек деп айтқан едім. "Уақытым жоқ" деді. Сол маған ауыр тиді, көңіліме келді. Былай айтқанда, құрметсіздік көрсетті», – деді ол.

Ал Талғат Жорабаев әннің авторы Біржан Асқаров екеніне күмән келтіретінін айтты. Оның сөзінше, туынды кезінде ауыздан-ауызға тарап, халық әні ретінде орындалып жүрген.

«Бұл әннің авторын білмеймін. Кезінде ауыздан-ауызға, халық әні боп, баяғы халық әндері сияқты таралып жүрді ғой. Бір жағынан күмәнданам, нақты дәлелдесін осы ән екенін. Дәлелдеп болғаннан кейін мен өзімнің айтатынымды айтамын», – деді әнші.

Осылайша, әннің авторлығына қатысты екі тараптың пікірі екіге бөлініп отыр. Біржан Асқаров өз авторлығын дәлелдеуге дайын екенін айтса, Талғат Жорабаев нақты дәлел талап етеді.

Сазгер бұдан бөлек, Қазақстан авторлар қоғамына да өкпесі бар екенін айтып, өзге туындылары үшін ұйымнан ақы алмағанын мәлімдеді.