Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Telegram негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесу бабы бойынша айып тағылғанын және оның халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
ФСБ мәліметінше, Telegram әкімшілігі ресейлік арнайы қызметтердің нұсқасы бойынша терактілер мен басқа да қылмыстарды дайындау үшін пайдаланылған арналар, чаттар және боттарды жоймаған.
Сондай-ақ ведомство Telegram экожүйесіне кіретін «Дайвинчик» танысу сервисі арқылы Украина арнайы қызметтері жастарды қылмыстық әрекеттерге тартқан деген мәлімдеме жасады.
Әзірге Павел Дуров пен Telegram бұл айыптауларға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.