Экстремалды спортшы Сергей Бойцов Алтай өлкесінде стратосферадан парашютпен секіріп, әлемдік рекорд орнатты. Ол жылу аэростатынан 11,5 шақырым биіктіктен секірген, деп хабарлайды ult.kz "Ведомости" басылымына сілтеме жасап.
Спортшының айтуынша, бұл жоба тек спорттық жетістікпен шектелмейді. Оның айтуынша, рекордтық секіру 2026 жылы Екатеринбургте өтетін Халықаралық жастар фестиваліне орайластырылған.
«Бұл жоба спорттық жетістіктен әлдеқайда ауқымды. Біз үшін бұл ғылым, технология және адам рухының күшін біріктіретін символ», – деді Сергей Бойцов.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 11,5 шақырым биіктікте ауа температурасы –50...–60°C-қа дейін төмендейді, ал ауаның тығыздығы жер бетіндегі көрсеткіштің төрттен бірінен де аз болады. Сондықтан мұндай биіктіктен секіру күрделі инженерлік шешімдерді және арнайы жабдықтарды қажет етеді.
Бойцов рекордтық секіруге арнайы дайындалған. «Роскосмостың» қолдауымен ол барокамерада сынақтан өтіп, аэродинамикалық құбырда қажетті әрекеттерді пысықтаған. Сондай-ақ –60°C температураға арналған арнайы экипировканы сынақтан өткізген.
Айта кетейік, 12 маусымда Сергей Бойцов «Москва-Сити» бизнес орталығындағы «Меркурий» мұнарасынан да парашютпен секірген. Бұл акция Ресей күніне орай ұйымдастырылып, спортшы шамамен 100 метр биіктіктен секірген.