Freedom Inside '26

Ресейден әкелінген жұмыртқалар талапқа сай болмай шықты

Ресейден әкелінген жұмыртқалар талапқа сай болмай шықты
Almaty-akshamy.kz

Шымкентте Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекеті анықталып, өнім толықтай жойылды, деп хабарлайды ult.kz.

Заң бұзушылық ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағы жүргізген бірлескен бақылау шаралары кезінде анықталған.

Тексеру барысында «Жібек жолы» базарында міндетті таңбалауы жоқ әрі ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз сатылымға шығарылған жұмыртқалар табылды.

Мамандардың мәліметінше, жалпы саны 11 850 дана жұмыртқа тәркіленген. Зертханалық сараптама нәтижесінде өнімнің қауіпсіздік талаптары мен қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмейтіні белгілі болған.

Осыған байланысты тәркіленген өнім арнайы комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіп бойынша жойылды.

Заң бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар құзырлы мемлекеттік органдарға жолданды.

Мамандардың айтуынша, елімізде енгізілген шектеулерге қарамастан Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды заңсыз сату деректері әлі де кездеседі. Осыған байланысты республика бойынша базарлар мен сауда орындарында бақылау шаралары жалғасуда.

Еске салсақ, 2026 жылғы 17 сәуірден бастап Қазақстан аумағына тағамдық тауық жұмыртқаларын импорттауға уақытша тыйым енгізілген. Бұл шара көлеңкелі импорттың алдын алуға, демпингтік сауданы шектеуге және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.