Ресей азаматтығын жасырған павлодарлық әйелге 735 мың теңге айыппұл салынды

Ресей азаматтығын жасырған павлодарлық әйелге 735 мың теңге айыппұл салынды
aikyn.kz

Павлодар облысында Ресей Федерациясының азаматтығын алғанын жасырған әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 735 250 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни, бір адам бір мезгілде Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттің азаматы бола алмайды.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, биылғы алты айда өңірде 332 адам Қазақстан азаматтығынан шыққан. Оның ішінде 328 азамат өз еркімен басқа мемлекеттің азаматтығын алғанын хабарлаған.

Облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, басқа мемлекеттің азаматтығын иелене тұра Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланған 12 адам анықталған. Сондай-ақ 18 азамат өзге елдің азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері 2022 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алып, Ресей төлқұжатын рәсімдеген Қазақстан азаматын анықтады. Әйел бұл туралы уәкілетті органдарға хабарламаған және Қазақстан Республикасының жеке басын куәландыратын құжаттарын заңсыз пайдалануды жалғастырған.

Аталған құқық бұзушылық үшін оған 735 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.