"Рауан" компаниясының ұжымы Мемлекет басшысына үндеу жасап, соңғы уақытта компанияға қысым күшейгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, түрлі мемлекеттік органдар тарапынан жиі тексерістер жүргізіліп, әкімшілік кедергілер қойылып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Компания өкілдерінің мәліметінше, "Рауан" нарықта 25 жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы бес жыл ішінде кәсіпорын мемлекет бюджетіне 2 млрд 150 млн теңге көлемінде салық төлеген.
Алайда ұжым қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың сөзінше, компанияға қатысты 575 шағым түскен және қазір іс қозғалған.
"25 жыл нарықта қызмет етіп келеміз. Осы уақыт ішінде мұндай қысымды көрген жоқпыз. Облыс әкімі Көшеровпен бірігіп мемлекеттік органдар тарапынан қысым мен әкімшілік тосқауылдар жасалып отыр", – дейді олар.
Сондай-ақ компания қызметкерлері Президенттің отандық өндірушілерді қолдау туралы ұстанымына сенім білдіретіндерін айтты.
"Құрметті Президент! Сіз өз жолдауларыңызда отандық өндірушілерді қорғауды және кәсіпкерлікке жасалған кез келген қысымды заңсыз деп бағалауды тапсырдыңыз. Әділетті Қазақстанда 25 жылдық адал еңбектің тапталуына және отандық өнімнің жойылуына жол берілмейді деп сенеміз!" – делінген үндеуде.
https://www.tiktok.com/@rauangroup.kz/video/7644801859474984212?_r=1&_t=ZS-96jhV6mODH3