Рақымшылық аясында 620 адам түрмеден босатылды

Рақымшылық аясында 620 адам түрмеден босатылды
Ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі қылмыстық рақымшылықтың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет жариялап, бүгінге дейін 620 адамның түрмеден босатылғанын хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, соттарға рақымшылық қолдану туралы 10 мыңға жуық ұсыныс жолданған. Оның ішінде 4 400 ұсынысты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері, ал 6 900-ден астамын пробациялық қызметтер дайындаған.

Қазіргі уақытта соттар мыңнан астам материалды қарап үлгерген. Соның нәтижесінде түзеу мекемелерінен 620 адам босатылды.

Сонымен қатар, пробациялық қызметтердің ұсыныстары негізінде пробациялық есепте тұрған 724 адам жазадан босатылып, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.

Нияз Рыспаевтың сөзінше, рақымшылық әрбір сотталғанға автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір іс жеке қаралып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Министрлік мәліметінше, рақымшылықпен босатылған азаматтардың барлығы әкімшілік бақылауға алынады.