Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 20 жастағы жігіттің мәйіті құдықтан табылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ретінде марқұмның 16 жастағы туған інісі ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Ақпаратқа сәйкес, Мейіржан Рүстем түнде ұйықтауға жатқаннан кейін таңертең үйінен табылмаған. Туыстары оны дереу іздеуге кірісіп, бір тәуліктен соң денесін құдықтан тапқан.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер бойынша, қайғылы оқиғаға дейін үйде бірнеше рет ақша жоғалған. Марқұм бұл үшін інісін кінәлап, ескерту жасаған деген ақпарат бар. Болжам бойынша, ағайындылар арасындағы жанжал қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін.
Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр. Олардың пікірінше, жігіттің өліміне басқа адамдардың қатысы болуы ықтимал.
Қызылорда облыстық полиция департаменті 1 маусым күні Жаңақорған ауданы тұрғынының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.