Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірген қылмыстық топ ұсталды

Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірген қылмыстық топ ұсталды
7kun.kz

Қызылорда облысының Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Арнайы операцияны Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп жүргізді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ Жаманкөл шатқалында табиғи алтынды заңсыз өндіріп келген. Алынған алтын күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпеген.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, топ мүшелерінің арасында міндеттер нақты бөлінген. Бірі алтын өндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жұмысшыларды тартса, енді бірі өндірілген металды тасымалдау мен сатуға жауап берген. Тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

Заңсыз қызметті жасыру үшін кен орнының айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар аумақты торуылдап отырған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келуі туралы алдын ала ескертіп отырған.

Тергеу барысында заңсыз өндірілген алтынның Алматыға жеткізіліп, сатылғаны және одан түскен қаржы қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінгені анықталған.

Тінту кезінде құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, екі арнайы техника, 12 металл іздегіш және алты автокөлік тәркіленді. Сонымен қатар екі пневматикалық тапанша мен бір тегіс ұңғылы мылтық табылған.

Қазіргі уақытта осы іс бойынша 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.