Қызылорда облысында учаскелік полиция инспекторының өліміне қатысы бар деген күдікпен 39 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция қызметкерінің денесі 1 қыркүйекте табылған. Оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Оқиға кезінде инспектор еңбек демалысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі ер адамның арасында жанжал туындаған. Кикілжің соңы төбелеске ұласып, полицей ауыр жарақат алған. Ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Күдікке ілінген ер адам Арал ауданының тұрғыны екені анықталды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін сот санкциясымен қамауға алынған.
Қылмыстық істің тергелу барысын Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.
Қазіргі таңда оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.